Картинка

- Алмас Мухаметкаримович, Қазақстан халқы жылдан жылға өсіп келеді, оның ішінде жаңа азаматтардың дүниеге келуі есебінен. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылы 450,7 мың бала дүниеге келген. Бұл 2020 жылға қарағанда 5,6% - ға (426,8 мың бала) артық. Болашақ аналарға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау қалай көрсетіледі?

- Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қорғау кешенді түрде мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражатының есебінен көрсетіледі.  

Қазақстан Республикасы 2012 жылы ақпан айында Халықаралық еңбек ұйымының «Ананы қорғау туралы» № 183 Конвенциясын ратификациялады.  

Жұмыс істейтін әйелдердің мүддесін қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап елімізде ана мен баланы міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерге құқық уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде берілетін демалыс басталған күннен бастап туындайды. Еңбекке жарамсыздық күндерінің саны ҚР Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес айқындалады.

Жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің соңғы жұмыс істеген жылы үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен табыстарға және жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты болады.

2008-2021 жылдары 2,2 млн.жуық болашақ аналарға МӘСҚ-дан 760 млрд. теңге төленген, оның ішінде 2021 жылы 123,6 млрд. теңге төленді.

 

- Ал бала туғаннан кейін отбасы қандай төлемдер алады?

- Бала туғаннан кейін баланың әкесіне немесе анасына еңбек қызметін жүзеге асыруына қарамастан, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы төленеді. 2022 жылы осындай төлемнің мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 116 394 теңгені, ал төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК немесе 192 969 теңгені құрайды.  

Егер баланың анасы жұмыс істемесе, онда оған бюджеттен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. Ай сайынғы жәрдемақының мөлшері баланың туылу кезектілігіне байланысты және 2022 жылы ол:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 860 теңге;

үшінші балаға- 7,85 АЕК немесе 24 045 теңге;

төртінші және одан көп балаға -8,90 АЕК немесе 27 261 теңгені құрайды.  

Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін МӘСҚ-а әлеуметтік аударымдар түссе, онда ол босанғаннан кейін МӘСҚ-дан 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайға ай сайын әлеуметтік төлем алатын болады.

Бұл төлемді алудың негізгі шарттары – табысын жоғалту және 1 жасқа дейінгі балаға нақты күтім жасау. Төлем мөлшері бала туған күнге дейінгі соңғы 2 жылдағы әйелдің орташа айлық табысының 40% құрайтын болады. Бұл ретте, төлемнің ең төменгі мөлшері, осы сияқты 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауы тиіс, ал ең жоғарғы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40% - ынан аспауы тиіс, яғни 2022 жылы 168 000 теңге (7*60 000 теңге * 40%).

2008-2021 жылдары МӘСҚ-н жалпы сомасы 866 млрд.теңгеге шамамен 3,1 млн. жуық адам әлеуметтік төлем алды, оның ішінде 2021 жылы-154,5 млрд. теңге төленді.

 

- Болашақ аналарға немесе баламен отырған аналарға тиісті төлемдерді алуға ыңғайлы болу үшін қандай жаңалықтар енгізілуде?

- Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің дамуымен, оның ішінде әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды дамыта отырып, мемлекеттік қызметтер көрсетудің ыңғайлылығы мен тәртібін оңайлату мақсатында проактивті қызметтер енгізілуде. Бұл азаматтар үйден шықпай-ақ алатын қызметтер. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арасында деректер алмасу нәтижесінде азаматтың МӘСҚ-дан жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алу құқығы өзектілендіруде. Бұл бағытта «азамат мемлекеттік қызмет алу үшін жүгінбеуі тиіс, керісінше мемлекет мемлекеттік қызмет көрсетудің бастамашысы болуы тиіс» қағидаты жұмыс істейді. 

Мәселен, бала туғаннан кейін, әйелдің ұялы телефонына төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, оған күнтізбелік үш күн ішінде келісім – жауап беру қажет.

  Сондай-ақ, баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін төлемдерді egov.kz. электрондық үкімет порталында ресімдеуге де болады.

Екінші деңгейлі банктердің (Kaspi Bank және Halyk Bank) мобильдік қосымшалары арқылы бала туғанда берілетін жәрдемақыларды және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға жүгіну сервисі іске қосылды. Мұндай әдіспен мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлылығы – жеке ЭЦҚ-кілттерді пайдалану және қосымша ақпараттарды енгізу қажеттілігінің болмауы болып табылады.

Құжаттарды қағаз түрінде тапсыруға келетін болсақ, қазір тұрғылықты жеріне байланыссыз, яғни болашақ ананың немесе баласы бар ананың нақты орналасқан жеріндегі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады.  

Қазақстанда отбасын, ана мен баланы мемлекеттік қолдау әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдықтарының бірі болып табылады.  

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әйелдерді көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, барлығына мықты денсаулық, бейбіт аспан және амандық тілеймін.