Кездесу барысында мобильдік топ мүшелері әлеуметтік Кодекс жобасының негізгі бөлімдері туралы айтты. Онда Отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, жаңа көші - қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері талқыланды.  

Азаматтар әсіресе, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру, бала күтімі бойынша төлемдердің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін арттыру, 18 жасқа дейінгі балалар үшін жинақтаушы шот ашу тетігі және Отбасының цифрлық картасының жұмыс істеуі мәселелеріне назар аударды. 

«2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда пилоттық режимде азаматтарға олардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқықтары туралы «электрондық хабарлаушы» болып табылатын Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды» - деп атап өтті Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің директоры А.Оразбеков.

Осы айдың басынан бері елімізде 5 мыңнан астам азаматқа Отбасының цифрлық картасы арқылы тиісті жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалды.

Сонымен қатар, мобильдік топ жастар бастамаларын қолдау шаралары туралы түсіндірді. Жыл сайын 300 мыңнан астам жастарымыз еңбекке қабілетті жасқа жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын жастар айқындайды. Қазірдің өзінде олар жұмыспен қамтылғандардың 60% - ын құрайды, ал 2030 жылға қарай олардың үлесі Қазақстанның барлық жұмыс күшінің 80% - ынан асатын болады.  

Осы мақсатта әлеуметтік лифтілер жүйесін құру және жастарды қолдау бағдарламаларының тәсілдерін қайта қарау қажет.

Осындай қолдау шараларының бірі мемлекет Басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5% - бен жеңілдетілген шағын несие берілетіні жөнінде айтуы.

Кездесуден кейін мобильдік топ мүшелері жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады, оның барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің көмегімен онлайн режимде азаматтардың қандай да бір көмек немесе төлем алу құқықтары нақтыланды.