Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) 1991-2019 жылдар аралығында жұмыс істетеген азаматтарға 600 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеп жатқандығы туралы WhatsApp және электрондық пошта арқылы таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы туралы ескертеді.

Осындай таратылымдардың пайда болуына байланысты, МӘСҚ барлық азаматтарды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін ескертеді және көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын еске салады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілген және жұмыс істейтін азаматтарды қолдаудың қосымша деңгейі болып табылады. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып өзі үшін МӘСҚ-на әлеуметтік аударымдар төленген жеке тұлғалар болып саналады.

Осы аталған жүйеге қатысушылар еңбек ету қабілетінен, жұмысынан айырылуына, жүктілік және босану немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда, ал асыраушысынан айырылғанда оның отбасы мүшелері МӘСҚ-нан әлеуметтік төлемдер алады.

МӘСҚ қызметі туралы өзекті ақпарат www. gfss.kz ресми интернет-ресурста ұсынылған.

МӘСҚ барлық азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әр түрлі хабарламаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға ғана сену керектігін ескертеді.