2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет Басшысы әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, мемлекет Басшысы еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылған адамдарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшерін 30% арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекет Басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңдарының жобасын әзірледі. 

Заң жобасының мақсаты Қордан тағайындалатын еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындаудың параметрлерін қайта қарау арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін күшейту, оның ішінде:

- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициентін 5 жылдан жоғары әр бір толық жыл үшін 2 % арттыру;

- еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша төлемдерді орта есеппен емес, жеке еңбек ету қабілетінен айырылуы дәрежесі бойынша анықтау;

- асырауындағылар санының коэффициентін арттыру;

- жұмысынан айырылған адамдарға табысты алмастыру деңгейін өсіру;

- жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алу ұзақтығын арттыру болып табылады.

Заңжобасын жүзеге асыру әлеуметтік қатер туған жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды қамтамасыз етуге бағытталған.