Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Президенті Құрманов Алмас Мұхаметкәрімұлы Мәскеу қаласында өткен әлеуметтік қамсыздандырудағы ақпараттық коммуникациялық технологиялар мен қызмет көрсету сапасы бойынша халықаралық семинарда мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді цифрландырудың қазақстандық тәжірибесін ұсынды.

Ағымдағы жылдың 12 – 13 ақпанында Мәскеу қаласында әлеуметтік салада сандық технологияны қолдану, әлеуметтік қамсыздандырудағы, оның ішінде медициналық және әлеуметтік сақтандырудағы электронды үкімет және «бір терезе» арқылы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған халықаралық семинар өтті.

Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) қолдауымен өткен шараға Еуразия өңірі елдерінің өкілдері, Австралия, Германия, Дания, Индонезия, Қытай және басқа да елдерден сарапшылар қатысты.

Семинардың ашылуында ХӘҚҚ Бас хатшысы Марсело Каэтано және Ресей Федерациясының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилиндер сөз сөйледі.

«МӘСҚ» АҚ Президенті Алмас Құрманов өзініңсеминарда жасаған баяндамасында Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа цифрлық технологияларды қолданудың маңыздылығына тоқталды, және әлеуметтік сала кез келген қоғам өміріндегі басты мәселе болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты, азаматтарға «үйден отырып» алуға болатын қашықтықтан қызмет көрсету әдістемесін енгізу әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сапасын және тиімділігін арттыруға, азаматтарды дербес есепке алуды қамтамасыз етуге және атаулылық негізіндегі халықты әлеуметтік қолдауды күшейтуге, сонымен қатар әлеуметтік саясатты жүзеге асыру барысында бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Семинар барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, талқыланатын баяндамалар бойынша қорытындылар жасады.