2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) 1,2 млн. адам жалпы сомасы шамамен 441 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30% - ға артық.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына Қордан төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30% - дан 100% - ға дейін белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі. 2022 жылы 97,6 мың адам Қордан 30,5 млрд. теңге сомаға аталған төлемді алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 37 784 теңге.

Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне (МӘСЖ) қатысушының асырауындағы адамдарға бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді. 2022 жылы асыраушысынан айырылған 61,4 мың отбасы 21,3 млрд.теңге сомаға Қордан көрсетілген төлемді алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 40 928 теңге.

Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшері жыл сайын арттырылады. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемдер мөлшері 8,5% - ға өсті.

Қордан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Төлемге құқық МӘСЖ қатысушысының халықты жұмыспен қамту орталығы немесе «Электрондық еңбек биржасы» порталы (enbek.kz) арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап туындайды. Төлем МӘСЖ-ға қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. 2022 жылы аталған төлемді 19,1 млрд. теңге сомаға 110,6 мың адам алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 44 833 теңге.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын кірісті «алмастыру коэффициенті 40% - дан 45% - ға дейін арттырылды.  

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.  2022 жылы осы біржолғы төлемді жалпы сомасы 197,9 млрд теңгеге 251,1 мың болашақ ана алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 809 226 теңге.

Қордан бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туған күннен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әр балаға жеке тағайындалады. 2022 жылы бұл төлем 321,8 мың адамға тағайындалды. Жалпы жыл ішінде барлығы 171,9 млрд теңге төленді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 45 942 теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығы бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылды.