2017 жылдың 12 айындағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жасаған төлемі 156,5 млрд. теңгені құрады.

Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға жұмсалған қаржы 62,2 млрд. теңгеге жетсе, баланың бір жасқа толуына байланысты күтіміне 74,1 млрд. теңге қарастырылып, еңбекке жарамсыздыққа қатысты 9,9 млрд теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 7,8 млрд. теңге, жұмыссыз қалу жөнінен 2,1 млрд теңге шығындалған.

Аталған Қордан жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға жасалған орташа 368 448 теңге төлемді 180,2 мың қазақстандық алды.

Бір жасқа толуға байланысты бала күтіміне қажет 26 744 теңге әлеуметтік төлем 435,4 мың азаматқа берілді.

Жұмыссыз қалу жөнінен 35,7 мың адамға бөлінген әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 21 698 теңгені межеледі.

Асыраушысынан айырылу бойынша 42,3 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сома көлемі орташа алғанда 14 773 теңге болды. Сонымен қатар, еңбекке жарамсыздыққа қатысты 79,1 мың азаматты қамтамасыз еткен әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 12 207 теңгені көрсетті.

Еске сала кетсек, елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру, халықтың жұмысшы табын әлеуметтік қорғаудың қосымша тетігі ретінде енгізілді.