"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласында мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды;

2) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – МӘСҚ) қаражатынан әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыруды;

3) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйелерді толықтыру және жаңартып отыруды;

4) ай сайынғы қажеттілікті, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру графиктерін қалыптастыру және МӘСҚ әлеуметтік төлемдерге қаражаттың қажеттігі туралы өтінімдерді жолдауды;

5) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияның қызмет түрлеріне сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға және төлеушілерге әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу тәртібі туралы ақпарат беруді;

6) Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен күнінен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, МӘСҚ төлеушілерден түскен әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтiк аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды аудару, әлеуметтік төлемдердің және олардан ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтаруды;

7) МӘСҚ қаражаты Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын төлеушілерге қайтаруды қамтамасыз етуді;

8) мемлекеттік кіріс органына төлеушілердің келіп түскен және қайтарылған әлеуметтік аударымдарының тізілімдерін ұсынуды;

9) жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ және (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін төленген әлеуметтік аударымдардың сомаларын төлеушіге қайтаруды.

Мемлекеттік корпорация:
1) әлеуметтік аударымдарды және әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды;
2) әлеуметтік аударымдардың және олар бойынша өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларының қайтарылуын;
3) әлеуметтік төлемдерді және олардан ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарын;
4) әлеуметтік төлемдердің және олардан ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларының қайтарылуын есепке алу және аудару мәселелері бойынша МӘСҚ өзара іс-қимыл жасайды және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

ГМемлекеттік корпорацияның «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңында көзделген қызметтерді көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражатын алуға құқығы бар.
Бұл ретте, Мемлекеттік корпорация көрсететін қызметтердің бағаларын орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті орган монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

Мемлекеттік корпорация:

1) әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттарды қабылдауды және олардың толықтығын тексеруді жүзеге асыруға, тағайындауға арналған істердің макеттерін қалыптастыруға және оларды қорға беруге;

2) мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуметтік төлемдерді қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға қажетті құжаттарды қабылдауды және олардың толықтығын тексеруді және оларды қорға беруді жүзеге асыруға;

3) алушыны әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтару қажеттігі туралы хабардар етуге;

4) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жататын және әлеуметтік төлемге құқығы бар адамдарға теңдей қызмет көрсету жағдайларын қамтамасыз етуге;

5) алушыларға әлеуметтiк төлемдердiң уақтылы және толық аударылуын қамтамасыз етуге;

6) қордың шешімі негізінде әлеуметтік төлемді жүзеге асыруға, тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;

8) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;

9) әлеуметтік төлемді тағайындауға арналған істің электрондық макетін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған әлеуметтік аударымдардың сомасын есепке алмауға міндетті.