МӘСҚ асыраушысынан айырылуы жағдайына (ӘТаа) әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселелері бойынша сұрақтарға жауап

1. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты бар ма?

Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау бойынша мемлекетік қызметтер көрсету стандарты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін есептеу (айқындау), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату және жүзеге асыру қағидаларының 7-қосымшасымен бекітілген.

2. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) тағайындауға құқық қашан туындайды?

ӘТаа тағайындауға құқық – қайтыс болу туралы куәлiкте көрсетiлген қайтыс болған күннен бастап не соттың азаматты – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап не соттың оны хабарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмiнде көрсетiлген күннен бастап туындайды.

3. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) алуға кімдер құқылы?

Қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған мына отбасы мүшелерінің:

1) 18 жасқа толмаған және егер 18 жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалса, осы жастан асқан балаларының, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдерді тағайындатуға және алуға құқығы бар.

Бұл ретте, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің, егер олардың еңбекке қабілетті ата-анасы болмаған немесе егер олар ата-анасынан алименттер алмаған жағдайда құқығы бар. Осы адамдар орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын немесе білім алған, он сегіз жастан асқан адамдардың оқуды бітіретін уақытқа дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін ӘТаа тағайындатуға және алуға құқығы бар;

2) егер қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының үш жасқа толмаған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерiнің (қарындастарының) немесе немерелерiнің күтiмімен айналысатын болса, жасына және еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан, ата-анасының немесе ерлі-зайыптының бiреуiнің не атасының, әжесінің, аға-iнiсiнің немесе апа-сіңлісінің (қарындасының)  асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлемдерді тағайындатуға және алуға құқығы бар.

4. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) кімге тағайындалады?

Қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, асыраушысынан айырылу жағдайына арналған ӘТаа тағайындатуға  және алуға құқығы бар отбасының барлық мүшесiне бiр әлеуметтік төлем тағайындалады.

5. Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем (ӘТаа) алушылардың біреуіне үлес бөлу қалай жүзеге асырылады?

Қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша оның әлеуметтiк төлемдегі үлесi бөлiнедi және оған бөлек төленедi.

Әлеуметтiк төлемдегі үлесін бөлу МӘСҚ өтiнiш жасалған күннен бастап жүргiзiледi.

6. Бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем (ӘТаа) қандай мерзімге тағайындалады?

Бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға ӘТаа мүгедектік белгіленген мерзімге тағайындалады?

7. Егер балалар ата-анасының екеуінен де айырылсаасыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) қалай тағайындалады?

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың – ата-ананың екеуі де қайтыс болған жағдайда ӘТаа айырылып қалған әрбiр ата-анасы үшiн асырап алушыға, қорғаншыға төленедi.

8. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемге (ӘТаа) өтініш жасау мерзімі қандай?

ӘТаа тағайындауға өтініш жасау мерзімі он сегiз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалған адамдарды қоспағанда, әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш жасалған күнге қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған балаларының, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің жиырма үш жасқа толу мерзімінен аспайды.

9. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) тағайындау үшін қандай құжаттар керек?

ӘТаа мынадай құжаттар негізінде тағайындалады:

1) жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты) немесе қандас мәртебесі бар адамдар үшін қандас куәлігі - жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі;

2) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін - Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы);

3) асыраушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі;

4) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарды растайтын құжаттар, баланың (балалардың) туу туралы куәлігі және неке (некені бұзу) туралы, асырап алу туралы, әке (ана) болуды белгілеу туралы куәліктер;

5) он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелерінің білім алатыны немесе күндізгі оқу нысанында білім алатыны туралы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан алынған анықтамалар (жыл сайын жаңартылады);

6) қамқоршы немесе қорғаншы белгілеу туралы құжат.

Өтінішті және құжаттарды қабылдайтын маман «электронды үкімет» шлюзі арқылы тиісті АЖ сұрау салулар қалыптастырады:

- өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасының АЖ;

- банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі, түзеу мекемелерінде бақылау шоттары туралы мәліметтер туралы АЖ;

- баланың (балалардың) туу туралы куәлігі немесе азаматтық хал актілерінің жазбаларынан туу туралы, баланы (балаларды) асырап алу туралы, неке қию туралы мәліметтерді қамтыған анықтама немесе азаматтық хал актілерінің жазбаларынан неке туралы (алынған мәліметтерде ата-аналардың тегі ауысқан жағдайда) баланың (балалардың) қайтыс болғаны туралы мәліметтерді қамтитын анықтама не азаматтық хал актілерінің жазбаларынан қайтыс болу туралы мәліметтерді қамтитын анықтама бойынша "АХАТ" АЖ-ға;

- асырауындағыларды жалпы орта білім беру, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуы туралы мәліметтер бойынша "ҰБДҚ" АЖ-ға;

- куәландыруды және мүгедектік тобын белгілеуді жүргізу туралы (он сегіз жасқа толмаған және осы жастан үлкен балалар, оның ішінде асырап алынған аға, іні, сіңлі, қарындастары бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған жағдайда) "Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған банкі" АЖ-ға;

- балаға қамқоршы (қорғаншы) белгілеу туралы анықтама бойынша "е-Қамқорлық" АЖ-ға;

Банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді қоспағанда, АЖ мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) жағдайда өтінішке тиісті құжаттар қоса беріледі.

10. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) тағайындау үшін өтініш қайда беріледі?

ӘТ аа тағайындауға жеке басын куәландыратын құжатпен және өтінішпен:

- «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы

немесе

- көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электронды үкіметтің порталында (www. egov. kz) тіркеген кезде sms-хабарлама жолымен 3 күнтізбелік күн ішінде

ӘТаа үлесіне құқығы бар адам Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді.

11. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) қанша уақытта тағайындалады?

ӘТаа тағайындау мерзімі өтініш беруші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияға (бұдан әрі -Мемлекеттік корпорация) барлық қажетті құжаттармен тіркелген күннен және өтініш берушінің мобильді телефоннан sms- хабарлама жолымен проактивті қызмет арқылы ӘТжа тағайындауға келісім алған күннен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.

Мемлекетттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) дәйектілігіне тексеріс жүргізуге құқылы. Осы мақсатта МӘСҚ мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне, әлеуметтік аударымдарды төлеушілерге 4 жұмыс күні ішінде мәліметтер сұрайды. Бұл ретте ӘТаа тағайындау және шешім қабылдауды ұзарту мерзімдері туралы шешім қабылдауда болған кідіріс туралы, бірақ электрондық іс макетін тексеруге жіберген күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімге өтініш берушіге Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі жазбаша нысанда хабарлайды.  

Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі МӘСҚ электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушіні хабардар етеді:

- өтініш беруші құжаттарды тексеру туралы хабарламаны тапсыру арқылы өзі жүгінген кезде;

- ақпараттық жүйеде өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы ұялы телефон нөмірі болған кезде.

12. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) мөлшері қалай анықталады?

Ай сайын төленетін ӘТаа мөлшері мынадай формуламен анықталады:

ӘТаа = (ОАК - 55% ЕТЖ) * КАК * ҚӨК * АСК, мұндағы:

ОАК – асыраушы қайтыс болған айдың алдындағы соңғы 24 айдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық кірісі;

ОАК = (АК1 + АК2 + АК3...... + АК24) / 24, мұндағы:

АК - әлеуметтік аударымдарды (бұдан әрі – ӘА) есептеу объектісі ретінде ескерілген ай сайынғы кіріс (ӘА төленбейтін, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) шегерілген кіріс)

ЕТЖ – ӘТаа құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі жалақы

КАК - кірісті алмастыру коэффициенті 0,6 құрайды;

АСК – асырауындағылар санының коэффициенті:

асырауында бір адам болса – 0,5,

асырауында екі адам болса – 0,65,

асырауында үш адам болса – 0,8,

асырауында төрт және одан көп адам болса – 1,0;

ҚӨК – қатысу өтілінің коэффициенті:

6 айдан кем болғанда - 0,1-ді;

6 айдан 12 айға дейін - 0,7-ні;

12 айдан 24 айға дейiн - 0,75-ті;

24 айдан 36 айға дейiн - 0,85-ті;

36 айдан 48 айға дейiн - 0,9-ды;

48 айдан 60 айға дейiн - 0,95-ті;

60 айдан 72 айға дейін - 1,0-ді құрайды;

60 және одан да көп айға – МӘСЖ қатысу өтілінің әрбір 12 айы үшін 1,0-ге 2 пайыз қосылып отырады (немесе + толық жыл * 0,02).

Мысал:

85 ай қатысу өтілімен және үш асырауындағымен жүйеге қатысушының екі жыл ішінде қайтыс болған күнге дейін: 

бірінші жылы еңбек ақысы – 150 000 теңге (МЗЖ шегергендегі ӘА есептеу объектісі 150 000 теңге – 15 000 теңге = 135 000 теңге),

екінші жылы еңбек ақысы – 200 000 теңге (МЗЖ шегергендегі ӘА есептеу объектісі 200 000 теңге – 20 000 теңге = 180 000 теңге).

Әрбір ай үшін кірістер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түскен ӘА есептеу объектісі негізінде айқындалады.  

2 жылдағы кіріс сомасы: 12 ай. * 135 000 теңге + 12 ай. * 180 000 теңге = 3 780 000 теңге.  

Алынған соманы 24 айға бөлеміз: ОАК = 3 780 000 теңге / 24 = 157 000 теңге.

АСК = 0,8

КАК = 0,6

ҚӨК = 1+ ((85 - 60)/12) толық жыл * 0,02 = 1,04;

ӘТаа = (ОАК - 55% * ЕТЖ)*АСК*КАК*ҚӨК =

(157 000 теңге - 55% * 60 000 теңге) * 0,8 * 0,6 * 1,04 = 62 151 теңге.

Алушының банктік шотына ай сайын 62 151 теңге ӘТаа аударылып отырады.

01.01.2020ж. бастап ЕТЖ – 60 000 теңге.  

13. Қандай жағдайларда асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемге (ӘТаа) қайта есептеу жүргізіледі?

Қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерiнің саны өзгерген жағдайда, МӘСҚ әлеуметтiк төлемдердi қайта есептеу туралы шешiм қабылдайды. Бұл peттe ӘТаа мөлшері әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше артады немесе азайтылады.

14. Асырауындағылар саны артқан жағдайда асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемді (ӘТаа) қайта есептеу қалай жүргізіледі?

Асырауындағы адамдар саны артқан жағдайда ӘТаа мөлшерін қайта есептеу әлеуметтік төлемді алушының, қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерінің жазбаша өтініші негізінде:

- орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан анықтама ұсынған кезде оқу кезеңінің басталу күнінен;

- қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасының мүшесін әлеуметтік төлем алушының асырауындағылардың құрамына қосқан кезде асыраушы қайтыс болған күннен бастап (асыраушы қайтыс болғаннан кейін туған жағдайда, баланың туған күнінен ерте емес) жүргізіледі.

ӘТаа жаңа мөлшері ӘТаа ағымдағы мөлшерін асырауындағы адамдар санының ағымдағы коэффициентіне бөлу және нәтижесін асырауындағы адамдар санының жаңадан белгіленген коэффициентіне көбейту жолымен есептеледі.

Мысал:

ӘТаа мөлшері – АСК = 0,8 болғанда асырауындағы 3 адамға 60 000 теңге.

Күндізгі оқу түрі бойынша оқитын асырауындағылардың бірі 23 жасқа толған.

Асырауындағы 2 адамға қайта есептеу АСК = 0,65 болғанда мынадай түрде жүргізіледі:

ӘТаа жаңа мөлшері = 60 000 теңге / 0,8 * 0,65 = 48 750 теңге

15. Асырауындағылар саны азайған жағдайда асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемді (ӘТаа) қайта есептеу қалай жүргізіледі?

Асырауындағылар саны азайған жағдайда ӘТаа мөлшерін қайта есептеу «АХАТ» ақпараттық жүйесінен» мәліметтер алған жағдайда жүргізіледі.

«АХАТ» АЖ мәліметтер болмаған жағдайда, асырауындағылар саны азайған жағдайда ӘТаа қайта есептеу ӘТаа мөлшерін қайта есептеу туралы ӘТаа алушының өтініші негізінде қайтыс болған (соттың шешімімен хабр ошарсыз кетті деп немесе қайтыс болды деп танылған) асыраушының асырауындағылардың біреуіне ӘТаа тоқтатылған күннен бастап жүргізіледі.

ӘТаа жаңа мөлшері ӘТаа ағымдағы мөлшерін асырауындағы адамдар санының ағымдағы коэффициентіне бөлу және нәтижесін асырауындағы адамдар санының жаңадан белгіленген коэффициентіне көбейту жолымен есептеледі.

16. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) қандай жағдайларда тоқтатыла тұрады?

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алған жағдайда мәлімет түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап ӘТаа тоқтата тұру туралы шешім қабылданады:

1) алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткені туралы;

2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өткені туралы;

3) іздестірудегі адамдарды хабар-ошарсыз кеткен деп тану фактісінің анықталуы туралы;

4) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы туралы;

5) шетелдіктің ықтиярхат алғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы туралы;

6) алушының бас бостандығынан айыру түрінде сот тағайындаған қылмыстық жазаны өтеп жатқаны туралы;

7) ата-ана құқығынан және қамқоршыны (қорғаншыны, патронаттық тәрбиелеушілерді, асырап алған ата-аналарды) құқығынан айыру фактілерінің анықталғаны туралы (босатылған және шеттетілген қамқоршылар (қорғаншылар) туралы);

8) ӘТаа алушының Қазақстан Республикасынан шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шыққаны туралы;

9) хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың жеке зейнетақы шоттарына міндетті зейнетақы жарналарын (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын) аудару немесе азаматтың тірі екенін растайтын ақпараттың келіп түсу фактісінің анықталғаны туралы;

10) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған адамдарға мүгедектік белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап қайта куәландырылғанға дейін;

11) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы берген, қайтыс болған (coт хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшелерінің күндізгі оқу нысаны бойынша оқушылар немесе студенттер болып табылатыны туралы;

12) 18 жастан асқан ӘТаа алушының және (немесе) асырауындағыныңбілім беру ұйымдарынан шығарылғаны немесе оның сырттай оқыту түріне ауысқаны туралы;

13) қайтыс болғаны немесе қайтыс болды деп жарияланғаны туралы;

14) уәкілетті органдар мен ұйымдардан, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды төлеушілерден өтініш берушінің ӘТаа мөлшерін негізсіз айқындауға әкелетін дәйексіз мәліметтердің түсуі.

17. Оқушыларға немесе оқытудың күндізгі бөлімінде оқитын студенттерге асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) төлеу қалай жалғастырылады?

Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан отбасы мүшелері оқытудың күндізгі бөлімінде оқиды деген анықтама ұсынған кезде, ӘТаа алушының жазбаша өтініші негізінде әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған сәттен бастап, бірақ Анықтамада көрсетілген оқу кезеңі басталған күннен ерте емес, қайта жалғастырылады.

18. Бала күнінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) қалай жалғастырылады?

Қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған адамдарға ӘТаа қайта куәландыру жүргізілген күннен бастап.

19. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем (ӘТаа) қашан тоқтатылады?

ӘТаа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мынадай мәліметтер алынған жағдайда тоқтатылады:

1) алушының қайтыс болуына (соттың хабарсыз кеттi деп тануына немесе қайтыс болды деп жариялауына) байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем алушы қайтыс болған айды қоса алғанда (соттың хабарсыз кеттi деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап) жүзеге асырылады;

2) алушының әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім қабылдауға негіз болған, анық емес құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем тағайындалған күнінен бастап;

3) алушының әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап

4) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады және қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;

5) он сегіз жастан асқан алушының (асырауындағының) білім беру ұйымынан шығарылуына немесе оның сырттай оқу нысанына ауысуына байланысты тоқтатылады және алушының (асырауындағының) оқудан шығарылғаны немесе сырттай оқу нысанына ауысқаны туралы мәліметтер алынған, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап;

6) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның мүгедектігі белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап;

7) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адам (он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған адамдарды қоспағанда) – он сегіз жасқа, ал көрсетілген адам жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан жағдайда 23 жасқа толған күннен бастап.

Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемнің (ӘТаа) мөлшері жыл сайын арттырылып отыра ма?

Жыл сайын ағымдағы жылдың  1 қаңтарына ӘТаа алушыларға   Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен көзделген мөлшерде ӘТаа мөлшері арттырылады.