«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы(бұдан әрі – МӘСҚ) жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен "Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры" акционерлiк қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 ақпандағы N 237 қаулысына сәйкес құрылды. МӘСҚ Жарғылық капиталы республикалық бюджет қаржысынан қалыптасады. МӘСҚ жарғылық капиталын көбейту Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған тәртіппен соттың немесе жалғыз акционердің шешімі негізінде жүргізілуі мүмкін.

МӘСҚ 2004 жылдың 21 сәуірінде заңды тұлға ретінде тіркелді (тіркеу туралы куәлік №16157-1901-АО). МӘСҚ акцияларының мемлекеттiк пакетiне иелiк ету және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгiне берілді.

МӘСҚ құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.

Жалғыз акционер МӘСҚ жоғарғы органы болып табылады. Жалғыз акционердің құқықтары мен міндеттері «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі - Заң) белгіленген шектеулер ескеріле отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-11 Заңымен белгіленеді.

Директорлар Кеңесі МӘСҚ басқару органы болып табылады, Директорлар Кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасына және МӘСҚ Жарғысына жататын жалғыз акционердің ерекше құзырларынан басқа МӘСҚ қызметіне жалпы жетекшілікті жүзеге асырады.

МӘСҚ ағымдағы қызметіне басшылықты жүргізетін МӘСҚ Бас директоры атқарушы орган болып табылады.

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры бiрден-бiр құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылатын акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым. МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды жинақтауды, асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға.

МӘСҚ қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу, әлеуметтік аударымдардың сақталуы мен мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қордың негізгі қызметтерi:
1) әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың қайтарылуын, сондай-ақ инвестициялық кірісті есепке алуды жүргізу;
2) әлеуметтік төлемдерді және әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларының қайтарылуын есепке алуды жүргізу;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйені құру және дамыту болып табылады.

МӘСҚ:
1) әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;
2) Осы Заңда белгіленген тәртiппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуге;
4) МӘСҚ қызметiн қамтамасыз етуге МӘСҚ активтерінен комиссиялық сыйақы алуға;
5) «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) ақпарат алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң субъектілерінен қор қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
7) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар ашуға;
8) Заңға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

МӘСҚ:
1) Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;
2) әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын төлеушіге қайтаруды жүзеге асыруға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің және олардан ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы МӘСҚ қайтаруды қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алмауға;
4) МӘСҚ уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
5) жылдық қаржылық есептілік аудитінің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
6) үш жылда бір рет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығын бағалау аудитін қамтамасыз етуге;
7) мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алған жағдайда, әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату үшін шешімдердің жобаларын қалыптастыруға;
8) әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату не тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдауға;
9) МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдерге қажеттілікті есептеу бойынша болжамды деректерді қалыптастыруға;
10) график бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік корпорацияны күн сайын қаржыландыруды жүргізуге;
11) әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;
12) МӘСҚ активтерін есепке алуды жүзеге асыруға арналған бағдарламалық қамтылым түрінде МӘСҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне ие болуға, сондай-ақ ақпараттың сақталуын және санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз етуге;
13) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталыққа ие болуға;
14) ақпараттық жүйелерден алынған, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
15) Мемлекеттік корпорацияға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы ақпарат беруге;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

МӘСҚ:
1) МӘСҚ активтерiн кепiлге беруге;
2) Заңда көзделмеген кәсiпкерлiк және өзге қызметпен айналысуға құқылы емес.