Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цоймен кеңес өткізді. Кездесу барысында Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру, соның ішінде Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу, мұқтаждықты бағалаудың скорингтік моделін дамыту, мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру және әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы еліміздің екі өңірінде білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша пилоттық жоба отбасылардың әл-ауқатының деңгейін айқындаудың скорингтік моделін қолдана отырып, іске асырылуда. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдардан қосымша қолдау шараларын атаулы түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Осының арқасында көмек шынымен мұқтаж адамдарға беріледі.
Бүгінгі таңда төрт мемлекеттік көрсетілетін қызмет толықтай іске асырылды, 26,1 мың өтініш берушіге қосымша қолдау шаралары көрсетілді. Үй шаруашылықтарының әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлерге негізделген. Қосымша қолдау шараларын алуға үміткер барлық отбасылар аса мұқтаждықтан жоғары әл-ауқат деңгейіне дейін алты санат бойынша жіктеледі. Шешімдер Отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады
Бұл ретте, скорингтік модельді енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге әсер етпейді. Базалық және ынтымақты зейнетақыларды, бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды, көп балалы және наградталған аналарға төленетін төлемдерді, мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыларды, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды қоса алғанда, барлық қолданыстағы төлемдер толық көлемде сақталады.
Кеңес қорытындысы бойынша Алексей Цой Бірыңғай цифрлық платформаны кезең-кезеңімен енгізу және халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Ол бұл жұмысты іске асыру кезінде атаулылық, ашықтық және әділдік маңызды қағидаттар болып қалуға тиіс екенін атап өтті.