ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алқа отырысында әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы барысында ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған басымдықтар белгіленді. Басты назарда – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік көмектің қатаң атаулылығын және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Отырыс аясында міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (Қор) Басқарма төрағасы Алмас Курманов 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйенің толық қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін хабарлады.
Қор Әлеуметтік кодексте көзделген әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады. Мәселен, 2025 жылы Қордан 1,3 млн. астам адам жалпы сомасы 922,4 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің халықты қолдаудағы маңызды рөлін айқындайды.
Ағымдағы жылы Қор әлеуметтік төлемдердің мақсаттылығы мен атаулылығына, сондай-ақ әлеуметтік масылдыққа жол бермеуге ерекше назар аудара отырып, Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау бойынша жұмысты жалғастырады. Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін одан әрі цифрландыру бойынша жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.