Еңбек инспекторлары жұмыскерлердің құқығын қорғады
Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын қадағалап, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздің әр өңірінде жұмыскерлерге төленбеген жалақы қайтарылып, жұмыс берушілердің заңсыз шешімдерінің күші жойылып, бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілуде.
Мәселен, Маңғыстау облысында «Ақтау машина жасау кешені» ЖШС-нің 101 жұмыскеріне 41,8 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы толық өтелді. Заңбұзушылық 2026 жылғы мамыр-маусым айлары үшін жалақының төленбеуіне байланысты жүргізілген тексеру барысында анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Қазір берешек толық өтелді.
Осы өңірде «Яссы Сервис» ЖШС-не жүргізілген жоспардан тыс тексеру кезінде үстеме жұмыс үшін ақы төлеу тәртібінің бұзылғаны анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті шаралар қабылдағаннан кейін жұмыскерге 290 мың теңге төленді.
Алматы қаласында қабылданған шаралардың нәтижесінде 64 кәсіпорынның 117 жұмыскеріне жалпы сомасы 162,1 млн теңге болатын жалақы қарызы өтелді. Атап айтқанда, 2026 жылғы қазанда тексеру жүргізіліп, апелляциялық сатыны қоса алғанда, сот рәсімдері аяқталғаннан кейін «Тоталь Энерджис Маркетинг Қазақстан» ЖШС-нің жұмыскеріне 89 млн теңге көлеміндегі берешек төленді.
Еліміздің басқа өңірлерінде де оң нәтижелер бар. Ақмола облысында «Tlekei-Agro» ЖШС жұмыскерлерінің ұжымдық өтінішінен кейін мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында 27 азаматқа 18,1 млн теңгеден астам жалақы қарызы бары анықталды. Тексеру аяқталғанға дейін жұмыс беруші берешектің толық өтелгенін растайтын құжаттарды ұсынды.
Жамбыл облысында «Sharapat» жекеменшік мектеп-гимназия ЖШС-не жүргізілген тексеру нәтижесінде 24 қызметкерге 2025 жылғы тамыз-қараша айлары үшін 6 млн теңгеден астам жалақы қарызы бары анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті шаралар қабылдағаннан кейін берешек белгіленген мерзімде толық өтелді.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметкерлерді заңсыз жұмыстан шығару және оларға негізсіз тәртіптік жаза қолдану жағдайларында да еңбеккерлердің құқықтарын қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылдап келеді.
Түркістан облысында еңбек заңнамасының талаптары бұзылып, қызметінен заңсыз босатылған екі мектеп директоры бұрынғы лауазымдарына қайта тағайындалды. Тексеру барысында кәсіподақ мүшелерін жұмыстан шығару кезінде ұжымдық шартта көзделген кәсіподақ ұйымының келісімі алынбағаны анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының қабылдаған шаралары нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылып, екі директор да өз қызметтеріне қайта оралды.
Осы өңірде Кентау қалалық емханасының медицина қызметкерінің де еңбек құқықтары қалпына келтірілді. Медбикені жұмыстан босату кезінде жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолданудың заңда белгіленген тәртібін сақтамағаны белгілі болды. Атап айтқанда, қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етілмеген әрі оны ұсынуға заңда көзделген мерзім берілмеген. Мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуынан кейін жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күші жойылып, медбике бұрынғы қызметіне қайта алынды.
Шымкент қаласында да еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты осындай жағдай орын алды. Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді аурухананың қызметкері өзіне негізсіз тәртіптік жаза қолданылғанына байланысты мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жүгінген. Жоспардан тыс бақылау нәтижесінде сөгіс жариялау туралы шешімнің заңсыз екені белгілі болды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамасына сәйкес жұмыс берушінің тиісті бұйрығының күші жойылды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әрбір жұмысшының жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға, еңбек шарты талаптарының орындалуын талап етуге және заңмен бекітілген еңбек құқықтарының қорғалуына құқылы екенін еске салады.
Егер жалақы кешіктірілсе, жұмыскер заңсыз жұмыстан шығарылса немесе еңбек заңнамасының өзге де талаптары бұзылса, азаматтар жұмыс беруші орналасқан жердегі мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, соның ішінде eOtinish электрондық платформасы арқылы жүгіне алады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен оның аумақтық департаменттері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, бұзылған еңбек кепілдіктерін қалпына келтіру және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.