Еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді қалай ресімдеуге болады?

20 Қазан 2026
Еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді қалай ресімдеуге болады?

Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімдері жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуын белгілеген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Бұл әлеуметтік төлем жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген күннен бастап тағайындалады. МӘС бөлімдері жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін 30-дан 100 пайызға дейін белгілей алады.

Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін алғаш рет белгілеу үшін:

- МӘС бөлімшесіне;

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне (ХҚКО);

- egov.kz «электрондық үкімет» порталы арқылы жүгінуге болады.

Сондай-ақ өтініш беруді қажет етпейтін проактивті формат қарастырылған. Бұл жағдайда алушының порталда тіркелген ұялы телефон нөміріне 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Төлемді ресімдеу үшін белгіленген тәртіппен келісім беру қажет.

Аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі ХҚКО немесе МӘС бөлімшесі арқылы жүгінген кезде 8 жұмыс күніне дейін, ал портал арқылы немесе проактивті форматта 4 жұмыс күніне дейін құрайды.

Еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік тәуекел туындаған күнге (жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген күнге) дейінгі соңғы 24 айда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген кіріске байланысты.

Сондықтан әлеуметтік төлем алуға жүгінер алдында әлеуметтік аударымдардың толық әрі уақтылы түсуін тексеру ұсынылады. Бұл ақпаратты ХҚКО-ға немесе Қор филиалына жеке жүгіну арқылы, egov.kz «электрондық үкімет» порталынан, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен (болған жағдайда) алуға болады.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі туралы толық ақпарат МӘСҚ-тың ресми интернет-сайтында орналастырылған — www.gfss.kz.

Чат-бот

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

×
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте!
1
Қазақ тілін таңдау үшін
2
Для выбора русского языка