Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі ұзақ мерзімді төлемдер

2 Қараша 2026
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі ұзақ мерзімді төлемдер

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азаматтарға қосымша қолдау көрсету. Бұл жүйе арқылы берілетін төлемдерді алу құқығы азаматтың жүйеге қатысуына және жұмыс берушінің оның атынан әлеуметтік аударымдар төлеуіне байланысты қалыптасады.

20 жылдан астам уақыт ішінде жүйе біршама дамып, әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен оларды тағайындау тәртібі жетілдірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті түрде көрсету жолға қойылды.

Бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған және жұмыссыз қалған азаматтарға, сондай-ақ ана мен баланы қолдау мақсатында әлеуметтік төлемдер тағайындайды.

Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қағидаларының бірі мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен міндетті әлеуметтік сақтандырудың қатар жүруі. Яғни МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер мемлекет беретін кепілдіктердің орнына жүрмейді, керісінше, оларды толықтырады. Соның арқасында әлеуметтік тәуекелге тап болған, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат бұрынғы еңбек қызметі мен өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдарға қарай қосымша қолдау алады.

Бұл тетік әсіресе екі жағдайда айқын көрініс табады. Олар – еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары.

Мұндай кезде азаматқа немесе оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Оған қоса, МӘСҚ-дан қосымша әлеуметтік төлем беріледі.

Бұл екі төлемнің тағы бір ерекшелігі олардың ұзақ мерзім бойы төленуінде.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем азаматқа белгіленген еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі сақталған барлық кезеңде, яғни зейнет жасына жеткенге дейін төленеді. Бұл ретте адамның еңбек қызметін жалғастыруы төлем алу құқығына әсер етпейді.

2026 жылдың 9 айында еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты 97,6 мың адамға жалпы сомасы 45,3 млрд теңге әлеуметтік төлем берілді. Ал жүйе жұмыс істей бастағаннан бері осы мақсатқа 338 млрд теңге бағытталған.

Асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қайтыс болған адамның асырауында болған отбасы мүшелеріне тағайындалады. Ол асырауындағы адамдар кәмелет жасына толғанға дейін төленеді. Егер олар күндізгі бөлімде оқуын жалғастырса, төлем 23 жасқа дейін беріледі.

Осылайша, азаматтың еңбек қызметі кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік қорғалу құқығы ол қайтыс болғаннан кейін де сақталып, оның отбасы мүшелеріне қаржылық қолдау көрсетуге негіз болады.

Қазір асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 68,5 мың отбасы алып отыр. Бұл төлемдерді жүзеге асыруға МӘСҚ-дан 33,3 млрд теңге бөлінген.

Жүйе жұмыс істей бастағаннан бері асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдерге МӘСҚ-дан 236 млрд теңге бағытталды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі басты жетістіктерінің бірі өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтар мен олардың отбасыларына ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігінің қалыптасуы.

Чат-бот

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

×
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте!
1
Қазақ тілін таңдау үшін
2
Для выбора русского языка