Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің жаңа тәсілін енгізуде
«Мансап орталықтары жұмыс іздеушілерге жеке қолдау көрсетуге көшуде»
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі аясында мансап орталықтарының өтінішке негізделген жұмыс тәртібі мен бір реттік кеңес беру тәжірибесінен азаматтарға көмекті алдын ала ұсыну және оларды жұмысқа орналасқанға дейін жүйелі түрде сүйемелдеу тәсіліне көшу көзделген.
Жаңа тәсілдің негізгі бағыттарының бірі – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қажет ететін азаматтарды олардың мансап орталықтарына өз бетінше жүгінуін күтпей-ақ анықтау.
Ол үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде жұмыс іздеуі мүмкін азаматтар айқындалып, оларға жұмысқа орналасуға көмек ұсынылады.
Мұндай көмекті жұмыс іздеушілер Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы ала алады.
Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық түйіндеме автоматты түрде қалыптастырылады.
Жасанды интеллект технологиялары азаматтың біліктілігіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп, жеке ұсынымдар әзірлейді.
ЖИ-көмекші ұялы телефон арқылы диалог форматында азаматтармен өзара байланыс орнатады. Жұмыс іздеуші оған өзінің қалауы мен талаптарын жеткізіп, еңбек жағдайларын нақтылай алады, сондай-ақ бос жұмыс орындары, оқыту мүмкіндіктері және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де мемлекеттік шаралары бойынша жеке ұсынымдар ала алады.
Жаңа тәсіл тек цифрлық құралдар арқылы бос жұмыс орындарын іріктеумен шектелмейді.
Бұл ретте мансап орталықтарының мамандарына маңызды рөл жүктелген. Олар азаматтарға ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға көмектесіп, жұмыс іздеу барысының әр кезеңінде қолдау көрсетеді.
Жұмыс іздеушіге кеңес беріп, сүйемелдеу, түйіндеме әзірлеуге, бос жұмыс орындарына өтінім беруге және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектесу – мамандарға жүктелген басты міндет. Егер азамат жұмысқа орналаса алмаса, оның себептерін анықтап, әрі қарай әрекеттерді бірге жоспарлайды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастыру, түйіндемені жетілдіру немесе келесі сұхбаттасуға дайындалу бойынша көмек көрсетіледі.
Осындай жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін министрлік азаматтарды мамандарға бекітуге, өткізілген консультациялар тарихын жүргізуге, алдағы іс-шараларды жоспарлауға және сүйемелдеу нәтижелерін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды енгізуде.
1 / 1⛶
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жобасы 2026 жылғы шілдеден бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске асырылуда. Осы кезеңде 59,2 мың азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылды. Бүгінде жоба аясында 7,5 мың адам жұмысқа орналасты.
2026 жылдың соңына дейін министрлік Цифрлық жұмыспен қамту қызметін еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа тәсіл жекелеген қызметтер көрсетуден азаматты кешенді сүйемелдеуге көшуге бағытталған. Бұл ретте цифрлық мүмкіндіктер мен мансап орталықтары мамандарының жұмысы өзара толықтырылып, түпкілікті нәтижеге – азаматтарды жұмысқа орналастыруға негіз болады.