Еңбек министрлігі мен ХЕҰ еңбек құқықтарын қорғау және алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаев пен Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының орынбасары Эммануэль Жульеннің кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасының іске асырылуын, еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбекті қорғау саласындағы мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.
Жол картасы бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Олар: еңбек инспекциясы арқылы жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету; әлеуметтік диалогты дамыту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлесу бостандығын қамтамасыз ету; ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу; әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау; еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың барлық түрін жою.
ХЕҰ өкілдері Қазақстанның лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын іске асыру барысына жоғары баға беріп, жоспарланған іс-шаралардың орындалуында елеулі үдеріс бар екенін атап өтті. Әсіресе ең төменгі жалақы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, сондай-ақ жұмыскерлерді қудалаудан қорғау бағыттарындағы нәтижелерге назар аударылды. Сонымен қатар тараптар әлеуметтік диалогты дамыту, әлеуметтік әріптестік институтын нығайту және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу бағытындағы алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Министр мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысын жетілдіруге қатысты әзірленген ұсыныстар туралы хабарлады. Атап айтқанда, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау тәртібін тікелей Еңбек кодексінде бекіту. Бұл өзгерістер жұмыскерлердің құқықтары бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған.
Кездесуде Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар әлеуметтік қорғау, әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектінің жұмыспен қамтуға әсері салаларындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.
Сонымен қатар тау-кен өндіру секторындағы еңбекті қорғау мәселелеріне арналған бірлескен жобаның нәтижелерін және мемлекеттік еңбек инспекторларын, кәсіпорын мамандары мен кәсіподақ өкілдерін оқытуды жалғастыру перспективаларын талқылады. Оқыту бағдарламасы қауіп-қатерлерді анықтау және өндірістік тәуекелдердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Кездесу соңында Жол картасын одан әрі пысықтау мен Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселелерін талқылау үшін әлеуметтік әріптестердің қатысуымен кеңейтілген кездесу өткізу мүмкіндігі қарастырылды.