Қамқорлықтың ашық формуласы: МӘСҚ-тан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем қалай есептеледі?

25 Қараша 2026
Қамқорлықтың ашық формуласы: МӘСҚ-тан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем қалай есептеледі?

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделген.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әрбір төлемнің нақты әрі түсінікті есептеу тәртібі бар. Мұнда басты өлшем – адамның еңбекке қосқан нақты үлесі.

Мынаны түсіну маңызды: Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері асыраушының ресми табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты.
Асыраушының ресми жалақысы неғұрлым жоғары болып, жұмыс беруші оның атынан әлеуметтік аударымдарды неғұрлым ұзақ уақыт төлесе, кәмелетке толмаған балалары мен басқа да асырауындағы адамдарға көрсетілетін қаржылық қолдау соғұрлым жоғары болады.
Ай сайынғы төлем мөлшерін анықтау кезінде жүйе үш негізгі факторды автоматты түрде ескереді.

Асыраушының ресми табысы. Жүйе қайтыс болған асыраушының соңғы екі жылдағы орташа айлық табысын есепке алады. Бұл ретте заңнамада белгіленген әлеуметтік минимум – ең төменгі жалақының жартысы шегеріледі. Осы мәліметтер негізінде есептеу үшін қолданылатын табыс базасы қалыптастырылады.

Отбасы құрамындағы асырауынд болған адамдар саны. Есептеу кезінде отбасы құрамы ескеріледі: асырауында қалған балалар мен еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің санына қарай 0,5-тен 1,0-ге дейінгі коэффициент қолданылады.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі. Бұл ретте ресми еңбек өтілі ескеріледі. Жүйеге қатысу өтілі 5 жылға дейін болса, базалық коэффициент 1,0 мөлшерінде қолданылады. Ал одан кейінгі әрбір жыл үшін коэффициент артып, нәтижесінде төленетін әлеуметтік төлем мөлшері де көбейеді.
Бұдан бөлек, есептеу кезінде табысты алмастырудың бірыңғай коэффициенті – 0,6 (60%) қолданылады.

Іс жүзінде қалай есептеледі: қарапайым мысал.
Екі баласы бар жұмыс істейтін азамат қайтыс болды делік. Оның соңғы екі жылдағы ресми орташа айлық табысы 300 000 теңгені, ал Қор жүйесіне қатысу өтілі 7 жылды құраған. Есептеу үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең – есептеу үшін қолданылатын табысты анықтау. Жүйе орташа айлық жалақыдан ең төменгі жалақының жартысын шегереді (2026 жылы бұл сома – 42 500 теңгені құрайды):
300 000 – 42 500 = 257 500 теңге.
Екінші кезең – отбасы құрамы мен сақтандыру өтілін ескеру. Алынған сомаға жүйе табысты алмастыру коэффициентін (0,6), сондай-ақ екі баланың болуына байланысты коэффициентті (0,65) және жеті жылдық сақтандыру өтілі үшін белгіленген коэффициентті (1,04) автоматты түрде қолданады.
Үшінші кезең – қорытынды төлем мөлшерін есептеу. Осы отбасыға Қордан ай сайын төленетін әлеуметтік төлем 104 442 теңгені құрайды.
Бұл сома бюджеттен төленетін белгіленген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша беріледі. 2026 жылы екі балаға арналған мұндай жәрдемақының мөлшері 86 447 теңгені құрайды.
Осылайша, отбасыға көрсетілетін ай сайынғы қолдаудың жалпы мөлшері 190 889 теңгеге жетеді. Бұл – ресми еңбек қызметі мен әлеуметтік аударымдардың асыраушысынан айырылған отбасыға көрсетілетін қолдауды едәуір арттыратынын дәлелдейтін нақты мысал. 
Барлық есептеу автоматтандырылған. Ақпараттық жүйе мемлекеттік дерекқорлардан ресми әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтерді өздігінен жинақтап, есептеудегі қателіктер мен адами фактордың әсерін болдырмайды.
Әрбір жұмыс істейтін қазақстандық өз атынан аударылған әлеуметтік аударымдарды eGov Mobile қосымшасы арқылы кез келген уақытта тексере алады.

Чат-бот

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

×
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте!
1
Қазақ тілін таңдау үшін
2
Для выбора русского языка