Әлеуметтік қорғау – артық шығынсыз: қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
Әлеуметтік сақтандыру – ресми түрде жұмыс істейтін әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуының маңызды тетігі.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмысшылардың да, кәсіпкерлердің де мүддесін ескере отырып құрылған. Оның басты қағидаты – мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы ортақ жауапкершілік.
Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік сақтандыру – мемлекет, жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігіне негізделген жүйе. Мемлекет оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар төлейді, ал қызметкер ресми еңбек ету арқылы әлеуметтік төлемдер алу құқығына ие болады.
Әр тарап өз үлесін қосады, ал азамат өмірінде қиын жағдайлар туындаған кезде қаржылай қолдауға ие болады.
Ендеше, бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін және оның барлық тарапқа қандай пайдасы бар екенін қарастырайық.

Қызметкерлер үшін: әлеуметтік сақтандыру жалақыдан ұсталмайды
Ең алдымен, маңызды бір жайтты атап өткен жөн: әлеуметтік аударымдардың 5%-ы қызметкердің жалақысынан ұсталмайды!
Мұны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Сондықтан жалдамалы қызметкер әлеуметтік сақтандыру үшін қосымша шығын көтермейді және жалақысынан осы мақсатта қаражат ұсталмайды.
Әрине, бұл ретте жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру жарналары сияқты қолданыстағы салықтар мен міндетті төлемдер әдеттегі тәртіппен ұсталады.
Бұдан бөлек, ресми еңбек ететін азамат бес түрлі әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қаржылай қолдау алуға құқылы:
- жүктілік және босану;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты;
- жұмысынан айырылу;
- еңбек ету қабілетінен айырылу;
- асыраушысынан айырылған жағдайда отбасы мүшелерін қолдау үшін.
Яғни азамат әлеуметтік сақтандыруға тікелей жалақысынан қаражат аудармаса да, күтпеген өмірлік жағдайлар туындаған кезде қаржылық қолдауға ие болады.

Жұмыс берушілер үшін: әлеуметтік сақтандыру қосымша шығынды талап етпейді
Енді жұмыс беруші үшін бұл жүйенің қандай тиімділігі бар екенін қарастырайық.
2005 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылған сәттен бастап мемлекет бизнестің жалпы қаржылық жүктемесін арттырмай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға мүмкіндік беретін тетік қарастырды.
2026 жылға дейін бұл жүйе қалай жұмыс істеді?
Жұмыс берушілер әлеуметтік салық төлейтін. Әр жылдары оның мөлшерлемесі өзгергенімен, әлеуметтік аударымдар сомасы бюджетке төленетін әлеуметтік салықтан шегеріліп отырды. Сондықтан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуі жұмыс берушілер үшін қосымша қаржылық жүктеме туындатқан жоқ.
Осылайша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуі жұмыс берушінің жалпы шығындарын арттырған жоқ.

2026 жылдан бастап не өзгерді?
Жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік салық бөлек есептеле бастады. Енді олардың мөлшерлемелері нақты белгіленген:
- әлеуметтік салық мөлшерлемесі – 6%;
- әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі – 5%.
Аталған төлемдердің жиынтық мөлшері еңбекақы төлеу қорының (ЕТҚ) 11%-ын құрайды және 2025 жылы белгіленген әлеуметтік салық мөлшерлемесінен аспайды.
Ең маңыздысы – 2026 жылдан бастап көптеген жұмыс берушілердің шығындары іс жүзінде азайды.
Мұның себебі неде?
Әлеуметтік салық бүкіл еңбекақы төлеу қорына, яғни жоғарғы шектеусіз есептеледі. Ал Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (Қор) төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін ең жоғары шек – 7 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) белгіленген.

Бұл іс жүзінде нені білдіреді?
Штатында жалақысы жоғары қызметкерлері бар және жалақы төлеу қоры 7 ЕТЖ-дан едәуір асатын кәсіпорындар үшін бұл айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Өйткені жұмыс беруші 5% мөлшеріндегі әлеуметтік аударымдарды бүкіл жалақы төлеу қорынан емес, тек белгіленген 7 ЕТЖ шегінде ғана аударады.
Басқаша айтқанда, қызметкердің жалақысы белгіленген шектен неғұрлым жоғары болса, жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдар бойынша үнемі де соғұрлым артады.

Мемлекет үшін: ресми жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғаудың тұрақтылығы
Мұндай жүйенің тиімділігін қызметкер мен жұмыс беруші ғана емес, мемлекет те көреді.
Біріншіден, бұл азаматтарды ресми еңбек етуге ынталандырады.
Адам ресми түрде жұмыс істеп, табысын заңды түрде растаған кезде болашақта әлеуметтік төлемдер алу үшін негіз қалыптастырады. Себебі төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа тікелей байланысты.
Екіншіден, бұл – бүкіл әлеуметтік қолдау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тетік.
Мемлекет әлеуметтік қорғау жүйесінің жұмыс істеуіне жағдай жасайды, жұмыс беруші оны қаржыландыруға қатысады, ал азамат заңда көзделген әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда тиісті қолдауға ие болады.

Ең бастысы – үш тараптың да мүдделері ескеріледі
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі – жай ғана кезекті төлем немесе салық емес. Бұл азаматтың қаржылық қиындықтармен жалғыз қалмауына, отбасыларға өмірдің күрделі кезеңдерінде қолдау көрсетуге және сонымен бірге бизнестің мүддесін ескеруге бағытталған тетік.
Қызметкер әлеуметтік сақтандыру үшін жалақысының бір бөлігінен айырылмайды. Жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай отырып, қосымша қаржылық жүктемеге ұшырамайды. Ал азамат қолдауға мұқтаж болған кезде тиісті әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Жүйенің басты мәні де осында: әлеуметтік қорғау адамға немесе бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмей, тұтас қоғамның мүддесі үшін жұмыс істеуі керек.

МАҢЫЗДЫ: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтардың қатысуына негізделген!
Бұл – мемлекет тек табысы төмен отбасыларға ғана тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмек емес.
Қызметкер үшін әлеуметтік аударымдар төленген жағдайда, ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып саналады және заңда көзделген әлеуметтік тәуекелдер туындаса, тиісті төлемдерді алуға құқылы.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде отбасының әл-ауқат деңгейі емес, азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы және ол үшін әлеуметтік аударымдардың төленуі маңызды.
Сондықтан табысы жоғары азаматтың әлеуметтік аударымдары тұрақты түрде жүргізіліп отырса, оның да заңда көзделген әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар.
Міндетті әлеуметтік сақтандырудың атаулы әлеуметтік көмектен басты айырмашылығы да осында: сақтандыру төлемі азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болғанына байланысты тағайындалады.