Тұрғындарға әлеуметтік төлемдерді алу тәртібі түсіндірілді
Шымкентте «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының» филиалы тұрғындар үшін Ашық есік күнін өткізіп, әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу тәртібі бойынша кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның мақсаты – азаматтардың әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен әлеуметтік төлемдер туралы хабардарлығын арттырып, оларды мемлекеттік қолдау шараларын алу тәртібі жөнінде қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
Ашық есік күні барысында Қор мамандары азаматтарға еңбекке қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылуына байланысты, сондай-ақ жүктілікке және босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларында тағайындалатын әлеуметтік төлемдер туралы түсініктеме берді. Мамандар әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың негізгі шарттарын, төлемдерді алу тәртібін, өтініш беру жолдарын және қажетті құжаттарды түсіндіріп, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кеңес берді.
Азаматтар өздерін қызықтырған сұрақтарға тікелей сала мамандарынан жауап алып, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге қатысты нақты ақпаратпен танысты.
Іс-шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалдарының мамандары да қатысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, сондай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді сервистер жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу тәртібі, сақтандырылу мәртебесін тексеру және осы бағыттағы өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер ұсынды.
Ашық есік күні тұрғындар үшін әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметтерге қатысты мәселелерді бір алаңда талқылап, қажетті ақпаратты құзырлы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарынан тікелей алуына мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары азаматтардың өз құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға бағытталған.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі және әлеуметтік төлемдер туралы толық ақпарат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми интернет-ресурсында қолжетімді.