Әлеуметтік төлемдер туралы жиі қойылатын сұрақтар

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша жиі қойылатын сұрақтар

Сұрақ: Неліктен маған жүктілікке және босануға байланысты табысымды жоғалтқан жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшерін есептегенде, жұмыс беруші мен төлем тағайындауға өтініш бергеннен кейін төлеген әлеуметтік аударымдар ескерілмеді?

Жауап: Әлеуметтік төлем құқығы туындаған күннен кейін Қорға келіп түскен әлеуметтік аударымдар орташа айлық табыс мөлшерін анықтау кезінде есепке алынбайды. Есептеу тек төлем құқығы туындаған айдың алдындағы айлар үшін нақты төленген әлеуметтік аударымдар негізінде жүргізіледі.

Сұрақ: Егер еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алушы еңбек қызметін жалғастырса, әлеуметтік төлем тағайындала ма? Немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алушы жұмысын жалғастыра ала ма?

Жауап: Иә. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 171-бабы 7-тармағына сәйкес, еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның өтініш беру кезінде жұмысын жалғастырғанына немесе тоқтатқанына қарамастан тағайындалады.

Сұрақ: Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем бала 1,5 жасқа tolғанға дейін оның күтіміне байланысты төлеммен бірге тағайындала ма? Егер тағайындалса, әр балаға бөлек төлене ме?

Жауап: Иә. Екі немесе одан да көп бала туылған кезде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем де, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлем де тағайындалады және әр балаға бөлек төленеді.

Сұрақ: Егер әлеуметтік төлем алу үшін банктік шот нөмірі өзгерсе, ол жүйеде автоматты түрде жаңартыла ма, әлде бұл туралы хабарлау керек пе?

Жауап: Автоматты түрде жаңартылмайды. Банктік шот өзгерген жағдайда, алушы тиісті өзгерістерді растайтын құжаттарды қоса тіркеп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшесіне жеке өзі барып өтініш беруі қажет.

Сұрақ: Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуға өтінішті еңбек биржасының сайты мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге бола ма?

Жауап: Иә. Сіз жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға өтінішті Электрондық еңбек биржасы порталында (enbek.kz) жұмыссыз ретінде тіркелген кезде бере аласыз.

Сұрақ: Маған соңғы 6 айда әлеуметтік аударымдар төленгеніне қарамастан, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілім жеткіліксіз деген себеппен жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш қабылдаудан бас тартты. Мен неліктен бұл төлемді ала алмаймын?

Жауап: Бұдан кейінгі жүгіну кезінде жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем бұрын алынған жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің әрбір айы үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілінен 12 ай шегерілетіні негізге алына отырып тағайындалады.

  • Мысал: Егер сіздің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтіліңіз 76 айды құрап, бірақ сіз бұған дейін 6 ай бойы төлем алған болсаңыз, өтіліңізден 72 ай (6 * 12) шегеріледі. Сіздің қазіргі өтіліңіздің қалдығы 4 айды құрайды. Бұл қалдық талап етілетін 6 айдан аз болғандықтан, өтінішті қабылдаудан бас тартылады.

Сұрақ: Маған жүктілікке және босануға байланысты 900 000 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды, бірақ қолға 810 000 теңге ғана алдым. Неліктен сома азайды?

Жауап: Тағайындалған әлеуметтік төлем сомасынан міндетті түрде 10% көлемінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ұсталады және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады.

  • Есептелуі: 900 000 теңге (есептелгені) – 90 000 теңге (10% МЗЖ) = 810 000 теңге (қолға берілетіні).

Сұрақ: Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерден зейнетақы жарналары ұстала ма?

Жауап: Иә. Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнен де 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, БЖЗҚ-ға жолданады.

Сұрақ: Мен әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бердім, бірақ Қор филиалы қосымша құжаттар сұратты. Оларды қайда өткізу керек?

Жауап: Қосымша сұратылған немесе жетіспейтін құжаттарды өтініш берген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшесіне өткізу қажет.

Сұрақ: Маған 100 000 теңге мөлшерінде бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындалды, бірақ шотқа басқа сома – 49 350 теңге түсті. Мұндай есептеу неліктен?

Жауап: Төлем алу құқығы қатаң түрде туу туралы куәлікте көрсетілген баланың туған күнінен бастап туындайды. Бірінші ай үшін сома айдың нақты қалған күндеріне пропорционалды түрде есептеледі.

  • Мысал: Тағайындалған төлемнен 10% МЗЖ ұсталады – 100 000 теңге - 10%. Бұл ретте, егер төлем құқығы 15 шілдеде басталса, онда шілде айы үшін төлем тек 17 күнге ғана есептеледі – 49 350 теңге (90 000 теңге / 31 * 17). Кейінгі барлық толық айлар үшін сіз кестеге сәйкес ай сайын 90 000 теңге мөлшерінде төлем алып тұрасыз.

Сұрақ: Жүктілікке және босануға байланысты декреттік демалысқа шыққаннан кейін немесе бала күтімі бойынша демалыс басталғаннан кейін төлемді жоғалтып алмау үшін қандай мерзімде өтініш беру керек?

Жауап: Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру мерзімі құқық туындаған күннен бастап 12 айдан аспауы, ал бала күтіміне байланысты 18 айдан аспауы тиіс (яғни еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күннен немесе бала туылған күннен бастап). Егер осы мерзімнен кешіктірілсе, төлем тағайындалмайды.

Сұрақ: Еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері адамның қандай себеппен мүгедектік алғанына (жалпы ауру немесе өндірістік жарақат) байланысты ма?

Жауап: Қордан төленетін әлеуметтік төлем мүгедектіктің себебіне қарамастан, жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне (пайызбен) және орташа айлық табысқа байланысты есептеледі. Алайда, егер еңбекке қабілеттілігінен айырылу өндірістегі жазатайым оқиғадан болса, зардап шегушіге жұмыс беруші немесе сақтандыру компаниясы тарапынан қосымша өтемақылар төленеді.

Сұрақ: Қайта куәландырудан (қайта тексеруден) өткен кезде мүгедектік тобы немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу пайызы өзгерсе, әлеуметтік төлем мөлшері не болады?

Жауап: Төлем мөлшері қайта есептеледі. Әлеуметтік төлем мөлшері медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) белгілеген жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу пайызына тікелей байланысты. Осы көрсеткіш өзгерген жағдайда, Қор автоматты түрде жаңа мәліметтерге сәйкес төлем сомасын қайта есептейді.

Сұрақ: Егер мен қысқарту бойынша емес, өз еркіммен жұмыстан шықсам, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем ала аламын ба?

Жауап: Иә. Еңбек шартының тоқтатылу себебі (соның ішінде өз еркімен жұмыстан шығу да) төлем алу құқығына әсер етпейді. Басты заңды шарт – төлем тағайындау үшін азаматтың Мансап орталығында немесе Enbek.kz порталында ресми түрде «жұмыссыз» мәртебесін алуы қажет.

Чат-бот

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

×
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте!
1
Қазақ тілін таңдау үшін
2
Для выбора русского языка