Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезіндегі алаяқтық схемаларға қатысты ескерту жасайды
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) әлеуметтік желілерде әлеуметтік төлемдерді алуға «көмектесеміз» деген желеумен таратылып жатқан жарнамалық хабарландырулардың көбеюіне байланысты төмендегіні хабарлайды.
Әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нормативтік актілерімен қатаң реттелген. Әлеуметтік төлемдердің түпкі мақсаты – әлеуметтік тәуекелдер (жұмыссыздық, жүктілік және босану, бала күтімі, мүгедектік және т.б.) туындаған кезде жоғалтқан табысты ішінара өтеу.
Алайда, соңғы уақытта Қор жалған еңбекке орналасу жағдайларының өршіп тұрғанын байқауда. Нақты еңбек қатынастарында жоқ азаматтар әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында «қағаз жүзінде» ғана рәсімделеді. Мұндай арам пиғылды әрекеттер мемлекетке орны толмас зиян келтіріп, әлеуметтік қолдаудың атаулылық қағидатына нұқсан келтіреді.
Мониторинг пен тексеру шараларының қорытындысы бойынша еліміздің 12 өңірінде 34 қылмыстық іс қозғалды. Жалған еңбек қатынастарын ұйымдастырып, 4,4 мыңнан астам азаматқа заңсыз төлем алуға жағдай жасаған 258 кәсіпкерлік субъектісі әшкереленді. Қазіргі таңда 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылып, осы заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде автоматты түрде салыстыруға мүмкіндік береді. Күдікті жайттардың барлығы мұқият тексеріліп, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры еске салады:
- Қордың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтарға қоңырау шалып, жеке деректерін, банк шотының реквизиттерін, растау кодтарын немесе ЭЦП кілттерін сұрамайды.
- Әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден ғана алу қажет:
egov.kz электрондық үкімет порталы;
enbek.kz – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты;
gfss.kz – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайты.
- Кез келген сауал бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Қор азаматтарды қырағы болуға және әлеуметтік желідегі күмәнді «көмекшілерге» сенбеуге шақырады. Алдап-арбауға бағытталған кез келген әрекет дер кезінде анықталып, тиісті құқықтық бағасын алатынын ескертеміз.