МӘСҚ-да бейресми жұмыспен қамтудың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әсері талқыланды

27 Сәуір 2026
МӘСҚ-да бейресми жұмыспен қамтудың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әсері талқыланды

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 14-ші Қазақстандық халықаралық конференция мен көрме аясында бүгін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-да (МӘСҚ) Дүниежүзілік банк өкілдерімен Орталық Азия елдеріндегі бейресми жұмыспен қамту мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстандағы қолданыстағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуі, жұмыспен қамтылған халықты қамту мәселелері, сондай-ақ МӘСҚ-дан жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің негізгі түрлері талқыланды.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банк өкілдері Орталық Азия аймағындағы бейресми жұмыспен қамту мәселелері бойынша презентация жасады. Қазақстандағы бейресми жұмыспен қамтудың ағымдағы жағдайы, оның негізгі себептері мен таралу факторлары туралы аналитикалық деректер, сондай-ақ сараптамалық бағалаулар ұсынылды. Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстандағы бейресми жұмыспен қамту деңгейі көршілес елдердің көрсеткіштерімен салыстырғанда жоғары емес. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк қызметкерлердің нақты табыстарын жалақыны «конвертпен» беру арқылы жасыруды да бейресми жұмыспен қамтуға жатқызатынын атап өтеміз.

Кездесуге қатысушылар жұмыспен қамтуды ресмилендіру саласындағы қазіргі сын-қатерлерді талқылады, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әлеуметтік қорғау жүйелерін дамыту және халықтың ресми жұмыспен қамтылу аясын кеңейту мәселелері жөніндегі диалогты жалғастыруға және өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілік білдірді.

Чат-бот

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

×
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте!
1
Қазақ тілін таңдау үшін
2
Для выбора русского языка