Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашық деп жариялап, депутаттарға табыс тіледі.
Президент еліміз даму жолында аса маңызды кезеңге қадам басқанын атап өтіп, бір палаталы заң шығарушы органның қызметіне кірісуі, шын мәнінде, мән-мағынасы айрықша тарихи оқиға екенін жеткізді.
– Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ қате болмас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дереккөз: https://www.akorda.kz/ru/prezident-kasym-zhomart-tokaev-vystupil-na-otkrytii-pervoy-sessii-kurultaya-pervogo-sozyva-2871128