ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ АЛУ ҚАУІПСІЗДІГІ: АЗАМАТТАР НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік тәуекел туындаған кезде өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысаны ретінде қарастырылған. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік аударымдар жүргізеді. Ал ҚР Әлеуметтік кодексінде көрсетілген жағдайлар туындаған кезде жүйеге қатысушы тиісті әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Алайда әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпарат көбейген сайын азаматтарды алдауға бағытталған жалған ұсыныстар да кездеседі. Әлеуметтік желілерде «төлемді рәсімдеп береміз», «бала күтіміне байланысты төлемді ұзартамыз», «жұмыссыздық бойынша төлем шығарып береміз» деген жарнамалар тарауда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Әлеуметтік төлемді алу үшін әлеуметтік желідегі делдалдардың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Оның тәртібі Әлеуметтік кодексте нақты белгіленген.
Қор мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында 1 млн. 64 мың адамға әлеуметтік төлем берілген. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 527 млрд. теңгені құрады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі алты әлеуметтік тәуекел бойынша төлем қарастырады. Олар – еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірістен айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірістен айырылу жағдайлары. Бұл ретте, әлеуметтік төлемнің әр түріне қойылатын талаптарды білу маңызды.
МӘСҚ төлем алу үшін қажетті ақпаратты тексеруге және қажет болған жағдайда қосымша мәлімет сұратуға құқылы. Құқықтық органдар мен Қор жалған еңбек қатынастары рәсімдеу фактілерін де анықтап отыр.
Сондықтан біреудің кеңесімен жалған жұмысқа орналасу рәсімдеу, шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беру, сондай-ақ жалған құжат ұсыну азаматтың өзіне қиындық тудыруы мүмкін.
Егер әлеуметтік төлемді заңсыз алу фактісі анықталса, төленген қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін. Ал төлем алу үшін әдейі жалған мәлімет беру алаяқтық ретінде бағалануы ықтимал.
Мысалы, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға байланысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде бес өңірде 7 сот үкімі шығарылған. Тергеу барысында азаматтардың Instagram және басқа да әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сеніп, заңсыз төлем алу схемаларына тартылғаны анықталған.
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу сылтауымен бөгде адамдар жеке және қаржылық мәліметтерді сұрауы мүмкін. Сондықтан жеке куәлік деректерін, банк картасының нөмірін, банкке қатысты құпия ақпаратты, SMS арқылы келген кодтарды, ЭЦҚ-ға қатысты құпия мәліметтерді және басқа да жеке деректерді бөтен адамға беруге болмайды.
Әлеуметтік төлемді алу үшін әлеуметтік желідегі «делдалға» ақша төлеудің де қажеті жоқ.
Егер біреу «төлемді тез рәсімдеп беремін», «төлемді ұзартып беремін» немесе «кепілдікпен шығарып беремін» деп ақша не жеке деректер сұраса, мұндай ұсынысқа сенбеген жөн.
Аталған әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алған дұрыс. Қажетті мәліметтерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қордың ресми ақпарат жүйелерінен және egov.kz цифрлық үкімет порталынан тексере аласыз. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Министрлік те азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпаратты ресми ресурстардан тексеруге кеңес береді.
Ең бастысы әлеуметтік желілердегі жарнама мен ресми ақпаратты ажырата білу қажет. Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер Әлеуметтік кодексте көрсетілген тәуекелдерге азамат тап болған кезде алатын әлеуметтік қолдау. Оны алу үшін делдал іздеудің немесе біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ.
Өз құқығыңызды біліңіз, ақпаратты ресми дереккөзден тексеріңіз және жеке деректеріңіздің құпиялығын сақтап, бөгде адамдарға бермеңіз.