МӘСҚ әлеуметтік төлемдері бойынша  

2024 жылдың 10 айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 1,3 млн. жуық адам жалпы сомасы 784,3 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29% артық.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне (бұдан әрі – жүйе) қатысушыға бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі. 

2024 жылғы 1 қараша жағдайына аталған төлемді МӘСҚ-дан 38,8 млрд. теңге сомаға 100 мыңға жуық жүйеге қатысушы алды, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 59 256 теңгені құрады.

МӘСҚ-дан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем жүйеге қатысушының асырауында болған тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді.

Есепті кезеңде асыраушысынан айырылған 66,3 мың отбасы аталған төлемді МӘСҚ-дан 27,7 млрд. теңге сомасына алды, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 63 743 теңгені құрады.

МӘСҚ-дан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты – жүйеге қатысушының жұмыссыз ретінде тіркелуі. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. 

2024 жылдың 10 айында аталған төлем 70,6 млрд. теңге сомасына жүзеге асырылды, оны 256,6 мың жүйеге қатысушы алды, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 79 503 теңгені құрады.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. 

Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Есепті кезеңде аталған біржолғы төлемді 205,6 мың болашақ ана жалпы сомасы 315,5 млрд. теңгеге алды, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 605 364 теңгені құрады.

МӘСҚ-дан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады. 

2024 жылдың 10 айында бұл төлем 229,7 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы орташа мөлшері 85 158 теңгені құрады. Төлем 331,7 млрд. теңге сомасында жүргізілді, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қосымша деңгей есебінен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

ОЦК арқылы тағайындалған әлеуметтік төлемдер бойынша  

Соңғы жылдары азаматтар үшін «үйден шықпай» мемлекеттік қызметтерді, яғни проактивті түрде қызметтерді алу кеңінен қолданылуда.

Бұл қызмет мобильді азаматтар базасында (МАБ), ұялы телефон нөмірін тіркеген жағдайда мүмкін болады. МАБ-қа egov.kz веб-порталы арқылы тіркелуге болады.

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі (ОЦК) әртүрлі себептермен мемлекеттік қызметтерге өз құқығын іске асырмаған азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасындағы диалог азаматтың ұялы телефон нөміріне 1414 байланыс орталығы, яғни онлайн форматта жіберген смс-хабарламалармен алмасу жолымен жүреді.  

2024 жылдың 10 айында ОЦК шеңберінде МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер алу құқығын 843 азамат жүзеге асырды (жұмысынан айырылу бойынша – 793, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне - 50).

ChatbotГосударственный фонд социального страхования
X
Здравствуйте!
Сәлеметсіз бе!
1 - Для выбора русского языка
2 - Қазақ тілін таңдау үшін
Наверх