2026 жылдың 6 айында МӘСҚ-дан 953 мыңнан аса адам 399 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады.
2026 жылдың 6 айында МӘСҚ-дан 953 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 399 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға аз.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне (бұдан әрі – жүйе) қатысушыға бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі.
Есепті кезеңде аталған төлемді МӘСҚ-дан 30 млрд. теңге сомаға 93,9 мыңнан аса жүйеге қатысушы алды.
МӘСҚ-дан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем жүйеге қатысушының асырауында болған тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді.
2026 жылдың 6 айында асыраушысынан айырылған 66,7 мың отбасы аталған төлемді МӘСҚ-дан 22,9 млрд. теңге сомасына алды.
МӘСҚ-дан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты – жүйеге қатысушының жұмыссыз ретінде тіркелуі. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.
Есепті кезеңде аталған төлем 75,3 млрд. теңге сомасына жүзеге асырылды, оны 261,9 мыңнан аса жүйеге қатысушы алды.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.
Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Есепті кезеңде аталған біржолғы төлемді 84 мың болашақ ана жалпы сомасы 90 млрд. теңгеге алды.
МӘСҚ-дан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2026 жылдың 6 айында бұл төлем 447 мың адамға 181,5 млрд. теңге сомасында жүргізілді.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қосымша деңгей есебінен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.