МӘСҚ әлеуметтік төлемдері бойынша
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады.
2025 жылдың қаңтар айында МӘСҚ-дан 707 мыңнан аса адам жалпы сомасы 87,4 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16% артық.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне (бұдан әрі – жүйе) қатысушыға бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі.
Есепті кезеңде аталған төлемді МӘСҚ-дан 4,3 млрд. теңге сомаға 86 мыңнан аса жүйеге қатысушы алды, бұл 2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 13%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 71 245 теңгені құрады.
МӘСҚ-дан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем жүйеге қатысушының асырауында болған тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-дан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді.
2025 жылдың қаңтар айында асыраушысынан айырылған 61,3 мың отбасы аталған төлемді МӘСҚ-дан 3,2 млрд. теңге сомасына алды, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 72 214 теңгені құрады.
МӘСҚ-дан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты – жүйеге қатысушының жұмыссыз ретінде тіркелуі. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.
Есепті кезеңде аталған төлем 9,4 млрд. теңге сомасына жүзеге асырылды, оны 106,0 мың жүйеге қатысушы алды, бұл 2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 34%-ға көп. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 83 107 теңгені құрады.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.
Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Есепті кезеңде аталған біржолғы төлемді 23,6 мың болашақ ана жалпы сомасы 33,3 млрд. теңгеге алды, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 714 618 теңгені құрады.
МӘСҚ-дан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2025 жылдың қаңтар айында бұл төлем 24,2 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы орташа мөлшері 93 740 теңгені құрады. Төлем 37,2 млрд. теңге сомасында жүргізілді, бұл 2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 21%-ға артық.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қосымша деңгей есебінен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.